AMM 2026 САЛАНЫҢ 2200-ДЕН АСТАМ КӘСІБИ МАМАНЫН БІРІКТІРІП, ОРТА АЗИЯ ТМК-НЫҢ НЕГІЗГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЛАҢЫ МӘРТЕБЕСІН РАСТАДЫ
12 МАУСЫМДА АСТАНАДА 16-ШЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАУ-КЕН МЕТАЛЛУРГИЯ КОНГРЕСІ ASTANA MINING & METALLURGY - AMM 2026 ӨЗ ЖҰМЫСЫН АЯҚТАДЫ.
AMM 2026 — Орта Азиядағы ең ірі салалық алаң, ол мемлекет, бизнес, халықаралық ұйымдар, қаржы институттары және сарапшылар қауымдастығы өкілдерін тау-кен металлургия кешенінің болашағын талқылау үшін біріктірді.
Конгрестің екі күндік жұмысы барысында әлемнің 29 елінен келген саланың 2 269 кәсіби маманы, 3 форум мен 30 іскерлік сессия аясында сөз сөйлеген 120-дан астам спикер жиналды. Сондай-ақ Конгресс халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жобаларды іске қосуға бағытталған 390 B2B және B2G кездесу өткізу алаңына айналды. Талқылаулардың негізгі тақырыптары критикалық маңызды минералдарды дамытуға, геологиялық барлауға, шикізатты терең өңдеуге, цифрландыруға, жасанды интеллектіге, тұрақты дамуға және жаһандық жеткізу тізбектерін трансформациялауға арналды.
AMM 2026-ның орталық оқиғасы «Жер қойнауынан интеллект шыңдарына: ТМК болашағы үшін жаһандық серіктестік» пленарлық отырысы болды. Оған Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектенов, Қазақстан, Сауд Арабиясы, АҚШ, Еуропа Одағы үкіметтерінің өкілдері, сондай-ақ жетекші халықаралық және отандық компаниялардың басшылары қатысты. Конгресті аша отырып, ҚР Премьер-министрі О. Бектенов тау-кен металлургия кешенінің ел экономикасы мен жаһандық өнеркәсіпті дамытудағы стратегиялық рөлін атап өтті:
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев негізінен шикізат моделінен терең өңдеу және жоғары қосылған құн экономикасына кезең-кезеңімен көшу міндетін қойды. Бүгінде өңдеуді дамытуға және жоғары деңгейде өңделген өнім үлесін арттыруға бағытталған ауқымды жобалар іске асырылып жатыр».
Үкімет басшысы сондай-ақ Қазақстан заманауи өндірістерді дамытуға, технология енгізуге және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға негізделген жаңа индустрияландыру бағытын жүйелі түрде іске асырып жатқанын, ал критикалық маңызды минералдарды дамыту елдің жаңа өнеркәсіптік саясатының негізгі бағыттарының біріне айналып отырғанын атап өтті.
Конгресс аясында халықаралық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Негізгі шетелдік спикерлердің бірі АҚШ Сауда министрінің көмекшісі және АҚШ және шет елдердегі коммерциялық қызметтің бас директоры Дэвид Фогель болды. Ол Америка-Қазақстан ынтымақтастығының перспективаларын талқылаудан нақты жобаларды іске асыруға көшкенін атап өтті: «Ынтымақтастық туралы бұл көзқарасты қалай жүзеге асырамыз? Біз іске асыруға дайын жобаларға келгіміз келеді. Қолың ұста болсын, сөзің қысқа болсын — көзқарасымыз осындай».
Дэвид Фогельдің айтуынша, Қазақстан әлемдік экономика және болашақ өнеркәсіп үшін стратегиялық маңызы бар критикалық маңызды минералдарды жеткізу тізбектерін дамытудағы негізгі серіктестердің бірі ретінде АҚШ назарында тұр.
Бір күн бұрын, 10 маусымда, AMM 2026 аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспайев пен АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орта Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гордың тең төрағалығымен критикалық минералдар жөніндегі C5+1 диалогы өтті.
Оған Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан үкіметтерінің мүшелері қатысты. Орта Азия мемлекеттері мен АҚШ-тың геологиялық барлау, өндіру, өңдеу, сондай-ақ критикалық минералдарды жаһандық нарыққа жеткізу саласындағы ынтымақтастығының басым мәселелері талқыланды. «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев C5+1 платформасының Орта Азия мен Америка Құрама Штаттары арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматы ретіндегі маңызды рөлін ерекше атап өтеді. Критикалық минералдар жөніндегі C5+1 диалогы стратегиялық шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету, технологиялық өзара іс-қимылды дамыту және сенімді жаһандық жеткізу тізбектерін қалыптастыру саласындағы тереңдетілген ынтымақтастыққа бағытталған. Критикалық минералдарға әлемдік сұраныс артып отырған жағдайда бұл бағыттар ерекше маңызға ие», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспайев.
AMM 2026-ның маңызды халықаралық блогы Қазақстан жер қойнауын пайдалану және өнеркәсіп саласындағы негізгі әлемдік ойыншылармен стратегиялық серіктестігін дамытуға арналды. Конгресс аясында «АҚШ – Қазақстан» Елдік дөңгелек үстелі, «ЕО – Қазақстан» жабық үкіметтік кездесуі, «From Rockies to Steppes: Canadian Mining Companies on Kazakhstan's Potential» халықаралық сессиясы және «Критикалық минералдар әлеуетінен іске асатын инвестициялық жобаларға» воркшопы өтті. Бұл іс-шаралар халықаралық ынтымақтастық перспективаларын талқылау, инвестиция тарту және минерал ресурстарын игеру мен терең өңдеу саласындағы жаңа кооперациялық жобаларды қалыптастыру үшін маңызды алаңға айналды.
AMM 2026 бірінші күні тау-кен металлургия кешенінің инвестицияларына, қаржыландыруына, халықаралық ынтымақтастығына және тұрақты дамуына арналған бірқатар салалық талқылау өтті. Негізгі іс-шара қатарында «ТМК-дағы инвестициялық климат», «Eurasia Critical Minerals Organisation: Қазақстанның геологиялық барлау және тау-кен өндіру саласы үшін қаржыландыру көздері», «ТМК-дағы салық салу», «Жоғары құбылмалылық жағдайындағы металл саудасы: баға тәуекелдерін басқару» және «Старательдік өндіруді заңдастыру және дамыту: шектеулерден мүмкіндіктерге» панельдік сессиялары болды. Қатысушылардың ерекше назарын «Геологиялық барлау: технологиялық серпіліс негізгі сын-қатерлерге жауап бола ала ма?» стратегиялық сессиясы және «ТМК-дағы көлік және логистика: Орта Азияны жаһандық жеткізу тізбектеріне интеграциялау» дөңгелек үстелі аударды. Олар саланың технологиялық трансформациясын және халықаралық өндірістік байланыстарды нығайтуды талқылау алаңына айналды.
AMM 2026 маңызды қорытындысы тау-кен металлургия саласындағы технология, ғылым және инвестиция ынтымақтастығын дамытуға бағытталған бірқатар халықаралық келісімге қол қою болды. Негізгі оқиға Сауд Арабиясы Корольдігінің Өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрлігі мен Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою болды. Құжат жер қойнауын пайдалану, минерал шикізатын өңдеу, инвестиция тарту және озық технология алмасу саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге негіз қалайды.
Конгрестің бірінші күні «Алтын Гефест» салалық сыйлығын табыстау рәсімімен аяқталды. Салтанатты жағдайда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары А.П. Рау, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі О.С. Сапарбеков, ERG компаниясының Қазақстандағы қаржы жөніндегі бас директорының орынбасары Д.Р. Рахматуллаев 15 номинация бойынша марапаттарды табыстады.
AMM Конгресінің екінші күні мамандандырылған салалық алаңдарға арналды. Олардың қатарында Қазақстан көмір форумы, Алтын өндірушілер форумы, критикалық минералдар жөніндегі воркшоп, сондай-ақ саланы реттеу мен дамыту арасындағы теңгерімді талқылау үшін бизнес және мемлекеттік органдар өкілдерін біріктірген Қазақстан зергерлерінің II конгресі өтті. Зергерлер конгресінің қорытындысы бойынша қатысушылар реттеушілік бастамаларды бірлесіп пысықтау және отан өндірушілерін қолдау үшін тұрақты жұмыс алаңын құру туралы уағдаласты.
Қазақстан көмір өнеркәсібінің VII форумында қатысушылар алдағы жылдарға арналған саланы дамытудың негізгі басымдықтарын белгіледі: көмір өндіру өсімін көмір генерациясын дамыту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асырумен синхрондау, көмір химиясы саласындағы жобаларды кеңейту, өндірістерді жаңғырту және цифрлық технологияларды енгізу. Саланың инвестициялық тартымдылығы, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және білікті маман даярлау мәселелеріне бөлек назар аударылды. Форум қорытындысы елдің энергетикалық қауіпсіздігінің стратегиялық негізі ретінде көмір өнеркәсібін одан әрі дамыту бойынша практикалық ұсынымдарды әзірлеу болды.
Сондай-ақ екінші күн бағдарламасына «Өнеркәсіптік жасанды интеллект: практикалық кейстер мен енгізу сын-қатерлері», «Өңдеу және металлургия: жоғары қайта өңдеу деңгейлері мен қосылған құнға көшу», «Минералдық шикізатты өңдеудің заманауи шешімдері», «Геомеханикалық процестерді бақылау және басқару – пайдалы қазбаларды қауіпсіз әрі тиімді өндірудің негізі», «ТМК бейнесі медиа кеңістікте: күшті бедел кімге тиімді?» PR-кездесуі және GR Strategy Lab: бизнестің жаңа саяси архитектурадағы жұмысы сессиялары кірді. Соңында стратегиялық сессиялар модераторларының қатысуымен Конгресс қорытындысын шығару үшін форсайт-сессия өтті.
AMM 2026 маңызды бөлігі тау-кен өндіру, металлургия және өңдеу өнеркәсібіне арналған заманауи шешімдерді ұсынған 16 елден келген 75 компанияны біріктірген халықаралық мамандандырылған көрме болды. Қатысушылар арасында өндірісті автоматтандыру және цифрландыру технологиялары, геологиялық барлау шешімдері, пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу жабдықтары, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік пен экологиялық тұрақтылық саласындағы әзірлемелер ұсынылды. Экспоненттердің жартысынан астамы AMM көрмесіне алғаш рет қатысты, бұл халықаралық бизнестің Қазақстанға және оның өнеркәсіптік әлеуетіне қызығушылығының артып келе жатқанын растайды.
AMM 2026 салалық күн тәртібін қалыптастыру, халықаралық диалогты дамыту және тау-кен металлургия кешені үшін жаңа өсу нүктелерін іздеу бойынша Орта Азияның басты кәсіби платформасы ретіндегі рөлін тағы да растады. Өткен талқылаулар, іскерлік келіссөздер және қол жеткізілген уағдаластықтар инвестиция тарту, озық технология енгізу және Қазақстанның Еуразиядағы тау-кен металлургия индустриясының жетекші орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайту үшін қосымша мүмкіндік қалыптастырады.
AMM 2026 ұйымдастырушылары - қазақстандық Iteca көрме компаниясы және оның халықаралық серіктесі ICA Events.
Мемлекеттік серіктес: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
Бас серіктес: «Qarmet» АҚ
Алтын серіктестер: Еуразиялық Топ (ERG), KAZ Minerals, Kazzinc, Қазақмыс
Күміс серіктестер: Komatsu Central Asia, Aktobe Copper Company
Қола серіктестер: Turan Industrial & Redpath, Dassault Systemes, Solidcore Resources, Axellect, AltynGold PLC
Іс-шараға Астана қаласының әкімдігі, Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы, Бағалы металдар өндірушілерінің республикалық қауымдастығы, Ұлттық геологиялық қызмет, Kazakh Invest, Visit Astana ресми қолдау көрсетеді.
- -де жасалған



