17-ші Халықаралық Тау-кен металлургия конгресі

10-11 МАУСЫМ 2027

«АЛТЫН ГЕФЕСТ» 2026: ТМК-НЫҢ БАСТЫ КӘСІБИ МАРАПАТЫ ҮЗДІК МАМАНДАР МЕН ОЗЫҚ САЛАЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ МАРАПАТТАДЫ

11 МАУСЫМ КҮНІ ASTANA BALLET ТЕАТРЫНЫҢ САЛТАНАТТЫ АТМОСФЕРАСЫНДА ASTANA MINING & METALLURGY 2026 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАУ-КЕН МЕТАЛЛУРГИЯ КОНГРЕСІ АЯСЫНДА ЖЫЛ САЙЫН ӨТКІЗІЛЕТІН 16-ШЫ ҰЛТТЫҚ САЛАЛЫҚ «АЛТЫН ГЕФЕСТ» БАЙҚАУЫ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН МАРАПАТТАУ РӘСІМІ ӨТТІ.

Салтанатты кештің көркін театр әртістерінің өнер көрсетуі айшықтай түсті, ал кештің арнайы қонағы ретінде қазақстандық әнші Зарина Алтынбаева қатысып, қонақтарға жарқын концерттік бағдарлама сыйлады. Іс-шара Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің және байқаудың Бас серіктесі — Eurasian Resources Group (ERG) қолдауымен өтті.

Он алты жыл бойы «Алтын Гефест» Қазақстанның тау-кен металлургия кешеніндегі ең беделді кәсіби марапаттардың бірі болып қалыптасып, саланың үздік өкілдерін, отандық өнеркәсіптің дамуына елеулі үлес қосып жүрген кәсіпорындар мен ұйымдарды біріктіріп келеді. Қазақстанда 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануына байланысты байқаудың маңызы биыл ерекше арта түсті. Осыған орай марапат аясында өндірісті технологиялық жаңғырту, цифрлық шешімдерді енгізу, өндірістік процестерді басқарудың инновациялық тәсілдерін дамыту және тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Альберт Павлович Рау, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбекұлы Сапарбеков, Қазақстандағы ERG компаниясының қаржы жөніндегі бас директорының орынбасары Данияр Равшанұлы Рахматуллаев қатысты. Марапат қонақтарының қатарында байқау номинанттары, ТМК-ның ірі кәсіпорындарының басшылары, мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың, ғылыми қоғамдастықтың және бейінді білім беру ұйымдарының өкілдері болды.

Бүгінде «Алтын Гефест» кәсіби шеберлікті мойындаудың символы ғана емес, сонымен қатар саланы дамытудың маңызды құралына айналды. Байқау дәстүрлі түрде тау-кен металлургия кешені өкілдерінің кең қызығушылығын тудырады. Өткізілген жылдар ішінде байқау комиссиясының қарауына сала мамандары, кәсіпорындары мен ұйымдары тарапынан мыңдаған өтінім ұсынылды. 2026 жылы байқауға қатысу үшін шамамен 200 өтінім қабылданды. Үміткерлер еңбек ұжымдары мен кәсіпорын басшылығы тарапынан да, өзін-өзі ұсыну тәртібімен де ұсынылды, бұл байқау рәсімдерінің ашықтығын және барлық қатысушылар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.

Байқау материалдарын қарау қорытындысы бойынша құрамына мемлекеттік органдардың, салалық бірлестіктердің және сарапшылар қауымдастығының өкілдері енген тәуелсіз қазылар алқасы 15 номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады. Қатысушыларды бағалау кезінде кәсіби жетістіктері, жүзеге асырылған жобалардың тиімділігі, кәсіпорындар мен жалпы саланың дамуына қосқан үлесі, сондай-ақ бастамалардың Қазақстанның тау-кен металлургия кешенінің орнықты дамуы үшін маңыздылығы ескерілді.

2026 жылы байқау ұйымдастырушылары саланың заманауи трендтеріне сәйкес бірқатар номинацияларды жаңартты. Атап айтқанда, медиа бағыты баспасөз және интернет-ресурстарға арналған жеке номинацияларға бөлініп, журналистік қауымдастықтың тау-кен металлургия саласының қызметін жариялауға қосқан үлесін объективті бағалауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар ESG күн тәртібіне арналған номинация «Экология және су ресурстары саласындағы үздік жоба» санатына өзгертіліп, экологиялық жауапкершіліктің, табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың және орнықты даму қағидаттарының маңыздылығының артып келе жатқанын көрсетті.

«Алтын Гефест» 2026 байқауының жеңімпаздары:

  1. «Жыл кәсіпқойы. Жыл геологы» — Хисматуллин Руслан Камилевич, Qarmet компаниясының «Karaganda Komir» ЖШС Бас геологы;
  2. «Жыл кәсіпқойы. Жыл тау-кеншісі» — Хамитов Сағынғали Сағатұлы, «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ, тау-кен өндірісін жоспарлау және дамыту басқармасының бастығы, Казцинк;
  3. «Жыл кәсіпқойы. Жыл кеншісі» — Сәбитов Мұрат Дүйсембекұлы, тиеу-тасымалдау машинасының машинисі, «Казцинк» Шығыс Қазақстан тау-кен байыту кешені, Риддер қаласындағы өндірістік алаң;
  4. «Жыл кәсіпқойы. Жыл байытушы маманы» — Туяқбаев Жанболат Мырзағалиұлы, бас маман (механик), «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС Байыту департаменті;
  5. «Жыл кәсіпқойы. Жыл металлургі» — Берг Андрей Александрович, «Qarmet» АҚ Болат департаментінің директоры;
  6. «Жыл кәсіпқойы. ТМК саласындағы әйелдер» — Шәкенова Қарлығаш Төлеубайқызы, «KAZ Minerals Management» ЖШС Минералдық ресурстарды басқару басқармасының техникалық департаментінің жетекші маманы;
  7. «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» — «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «ALEM» медициналық жабдықтар және пластиктен жасалған медициналық мақсаттағы бұйымдар өндіретін зауыттың құрылысы мен іске қосылуы;
  8. «Өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша жыл көшбасшысы» — «Қазақстан алюминийі» АҚ Краснооктябрь боксит кен басқармасы филиалы, ERG;
  9. «Жыл тәлімгері» — Сағынбаев Бекмұрат Серікбайұлы, диірмен машинисі, «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС;
  10. «Жыл педагогі» — Амралинова Бақытжан Базарбекқызы, Жобаларды басқару институтының директоры, профессор, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті;
  11. «Жылдың үздік дипломдық жұмысы» — Жанабаев Рустам Истайұлы, тау-кен ісі бакалавры, Назарбаев Университеті, Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебі;
  12. «ТМК саласындағы үздік digital-шешім» — «Қазхром» ТҰК» АҚ, Дөң тау-кен байыту комбинаты карьерлерінің эстакадаларындағы тежеу жүйесін тексеру;
  13. «Экология және су ресурстары саласындағы үздік жоба» — «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «Қазақмыс» компаниясының жүйелі экологиялық трансформациясы: Балқаш көлін сақтау, декарбонизация, ҮҚТ (үздік қолжетімді технологиялар) және циркулярлық экономика;
  14. «Жылдың медиа жобасы. Баспасөз беттеріндегі ТМК туралы үздік журналистік жұмыс» — Елдесов Достан Бархиянұлы, «Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси газеті;
  15. «Жылдың медиа жобасы. Интернет-ресурстардағы ТМК туралы үздік журналистік жұмыс» — Баймұхамедов Диас Ержанұлы, «MEDIA HOLDING Atameken business» ЖШС.

Байқау күн тәртібінде инновацияларды енгізу, өнеркәсіптік қауіпсіздік, адами капиталды дамыту және экологиялық жауапкершілік мәселелері дәстүрлі түрде ерекше орын алады. Байқау аясында ұсынылған жобалар отандық кәсіпорындардың өндіріс тиімділігін арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және орнықты даму қағидаттарын іске асыруға деген ұмтылысын айқын көрсетті.

Кештің салтанатты атмосферасын Astana Ballet әртістері мен іс-шараның арнайы қонақтарының қатысуымен өткен мазмұнды мәдени бағдарлама толықтырды.

«Алтын Гефест» тау-кен металлургия саласы мамандықтарын дәріптеу, дарынды мамандарды қолдау және үздік өндірістік тәжірибелерді тарату жөніндегі маңызды миссиясын жалғастырып келеді. Жыл сайын байқау отандық кадрлардың жоғары кәсібилік деңгейін растап, саланың технологиялық дамуға, инновацияларды енгізуге және ұлттық экономиканың стратегиялық міндеттерін шешуге дайын екенін көрсетуде.

«Алтын Гефест» байқауы Astana Mining & Metallurgy халықаралық тау-кен металлургия конгресі аясында өткізіледі. Іс-шараны ұйымдастырушылар — Қазақстандық Iteca көрме компаниясы және оның халықаралық серіктесі — ICA Events компаниялар тобы.

  • -де жасалған