СЫНДАРЛЫ МИНЕРАЛДАРДАН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТКЕ ДЕЙІН: АСТАНАДА AMM 2026 КОНГРЕСІ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
БҮГІН, 11 МАУСЫМ КҮНІ, ҚАЗАҚСТАН АСТАНАСЫНДА 16-ШЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАУ-КЕН МЕТАЛЛУРГИЯ ASTANA MINING & METALLURGY 2026 КОНГРЕСІ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ. БҰЛ – МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ, БИЗНЕСТІҢ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ, ҚАРЖЫ ИНСТИТУТТАРЫНЫҢ, ҒЫЛЫМИ ҚАУЫМДАСТЫҚ ПЕН САРАПШЫЛАР ОРТАСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІН ТАУ-КЕН МЕТАЛЛУРГИЯ КЕШЕНІН ДАМЫТУҒА ҚАТЫСТЫ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАУ ҮШІН БІРІКТІРЕТІН ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЕҢ ІРІ САЛАЛЫҚ АЛАҢ.
Биыл Конгресс 16 елден келген шамамен 2 100 делегатты жинады. Бұл AMM-нің жер қойнауын пайдалану, металлургия және өнеркәсіпті дамыту салаларында кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және ұзақ мерзімді әріптестікті қалыптастыруға арналған ең маңызды халықаралық платформалардың бірі ретіндегі жоғары мәртебесін тағы да растады.
Аса маңызды шикізат материалдарына сұраныстың артуы, инновациялық технологиялардың жедел енгізілуі және жаһандық өндірістік тізбектердің трансформациясы жағдайында саланың тұрақты дамуы, оның инвестициялық тартымдылығын арттыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері ерекше өзектілікке ие болуда. AMM 2026-ның іскерлік бағдарламасы дәл осы бағыттарға арналды және әлемнің түкпір-түкпірінен келген 190 спикерді біріктірді.
Бірінші күннің негізгі оқиғасы «Жер қойнауынан интеллект шыңдарына: ТМК болашағы үшін жаһандық әріптестік» атты пленарлық отырыс болды. Талқылау барысында қатысушылар жаһандық экономикалық өзгерістер жағдайындағы тау-кен металлургия кешенінің даму перспективаларын, өнеркәсіптік кооперация мәселелерін, аса маңызды минералдар мен металдарды жеткізудің тұрақты тізбектерін қалыптастыруды, сондай-ақ цифрлық технологиялардың, жасанды интеллект пен автоматтандырудың өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға ықпалын қарастырды.
Пленарлық отырысқа төмендегілер қатысты:
- Олжас Бектенов — Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
- Ерсайын Нағаспаев — Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі
- Бандар бин Ибрахим әл-Хурайф — Сауд Арабиясы Корольдігінің өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрі
- Дэвид Фогель — АҚШ Сауда министрінің орынбасары, АҚШ және шетелдердегі коммерциялық қызметтің бас директоры
- Қанат Шарлапаев — «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумы төрағасы
- Валер Мутарлье — Еуропалық комиссияның Ішкі нарық, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және шағын және орта бизнес жөніндегі бас директоратында (DG GROW) еуропалық өнеркәсіп және декарбонизация мәселелері бойынша бас директордың орынбасары
- Зәуре Заурбекова — «Qarmet» АҚ қаржы және стратегиялық даму жөніндегі бас директордың орынбасары
- Айжан Балабатырова — «KAZ Minerals Management» ЖШС басқарма төрағасы
- Уэсли Монтейро — S&P Global Energy компаниясының Таяу Шығыс бойынша өңірлік менеджері, тауарлық нарықтармен өзара іс-қимыл (салалық нарықтар)
Үкімет басшысы тау-кен металлургия кешені мемлекеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторларының біріне айналып отырғанын атап өтті. Әлем жаңа индустриялық дәуірге қадам басуда, онда энергетика, цифрлық экономика және жасанды интеллекттің дамуы металдар мен минералдық шикізатқа сенімді қолжетімділікке тікелей байланысты. Премьер-Министр сектордағы ауқымды реформаларға және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін ашуға бағытталған стратегиялық басымдықтарға жеке тоқталды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шикізаттық модельден терең өңдеу мен жоғары қосылған құн экономикасына кезең-кезеңімен көшу міндетін қойды. Бүгінде өңдеуді дамытуға және жоғары қайта өңдеу деңгейіндегі өнім үлесін арттыруға бағытталған ауқымды жобалар іске асырылуда», — деп О. Бектенов атап өтті.

Конгрестің бірінші күні аясында тау-кен металлургия кешенін дамытудың өзекті мәселелеріне арналған бірқатар стратегиялық салалық пікірталастар өтті. Қатысушылардың назарында саланың инвестициялық тартымдылығы, жаһандық шикізат нарықтарының тұрақтылығы, халықаралық ынтымақтастық, жаңа жобаларды қаржыландыру және аса маңызды минералдарды дамыту мәселелері болды. Іскерлік бағдарламаға «Инвестициялық ахуал және реттеуші орта», «Eurasia Critical Minerals Organisation: тау-кен металлургия кешеніне қаржыландыру тарту стратегиялары», «Тау-кен металлургия кешеніндегі салық салу», «Жоғары волатилділік жағдайындағы металдар саудасы: баға тәуекелдерін басқару», «Старателдік өндіруді заңдастыру және дамыту: шектеулерден мүмкіндіктерге дейін» панельдік сессиялары, «Геологиялық барлау: технологиялық серпіліс негізгі сын-қатерлерге жауап бола ала ма?» атты стратегиялық сессиясы, сондай-ақ «Тау-кен металлургия кешеніндегі көлік және логистика: Орталық Азияның жаһандық жеткізу тізбектеріне интеграциясы» атты дөңгелек үстелі кірді.
Бірінші күн бағдарламасының маңызды бөлігін мемлекетаралық өзара іс-қимылды дамытуға және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған халықаралық іс-шаралар құрады. Олардың қатарында «АҚШ – Қазақстан» еларалық дөңгелек үстелі, «ЕО – Қазақстан» жабық үкіметтік кездесуі, «From Rockies to Steppes: Canadian Mining Companies on Kazakhstan's Potential» халықаралық сессиясы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және бизнестің өкілдері қатысқан «Стратегиялық маңызы бар минералдар әлеуетінен – іске асырылатын инвестициялық жобаларға дейін» атты мамандандырылған воркшоп өтті. Бұл іс-шаралар әріптестік байланыстарды кеңейтуге, инвестициялар тартуға және минералдық ресурстарды игеру мен өңдеу саласындағы бірлескен бастамаларды ілгерілетуге ықпал етеді.
Конгресс жұмысының маңызды бағыттарының бірі ғылыми-техникалық және өндірістік ынтымақтастықты дамыту болып қала береді. AMM 2026 аясында халықаралық кооперацияны кеңейтуге бағытталған бірқатар құжаттарға қол қою жоспарланған. Олардың қатарында Сауд Арабиясы Өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрлігі мен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум, швейцариялық серіктестермен бірлескен зерттеу зертханасын құру туралы меморандум, сондай-ақ «Қазгидрогеология» ҰГҚ мен IBL Elements Inc. арасындағы ынтымақтастық туралы келісім бар. Аталған бастамаларды іске асыру ғылыми зерттеулерді дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және халықаралық кәсіби байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.

Конгреспен қатар 15 елден келген 69 компанияны біріктірген халықаралық мамандандырылған көрме өз жұмысын бастады. Қатысушылар қатарында тау-кен өндіру, металлургия және қайта өңдеу өнеркәсібіне арналған заманауи шешімдерді ұсынатын 40 қазақстандық және 29 шетелдік компания бар. Экспозицияда өндірісті автоматтандыру және цифрландыру технологиялары, геологиялық барлау шешімдері, пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу жабдықтары, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен экологиялық тұрақтылық саласындағы әзірлемелер ұсынылған. Бір айта кетерлігі, 36 компания үшін AMM көрмесіне қатысу алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Бұл халықаралық бизнестің Қазақстан нарығының мүмкіндіктеріне және отандық тау-кен металлургия кешенінің әлеуетіне деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Конгресс жұмысының екі күні бойы қатысушылар жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, инвестициялық серіктестер табуға, перспективалы жобаларды талқылауға және халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған B2B және B2G кездесулер сериясын өткізуде.
Ертең, 12 маусым күні, іскерлік бағдарлама Қазақстанның Алтын өндірушілер форумы, Көмір форумы, Сындарлы минералдар жөніндегі воркшоп, Қазақстан зергерлерінің конгресі, PR және GR кездесулерімен, сондай-ақ бірқатар тақырыптық сессиялармен жалғасады. Конгресс қорытынды форсайт-сессиясымен аяқталып, оның барысында қатысушылар пікірталастардың нәтижелерін шығарып, саланы одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындайды.
AMM 2026-ның алғашқы күні мемлекет, бизнес және халықаралық серіктестердің тау-кен металлургия кешенінің жаңа күн тәртібін қалыптастыруға жоғары деңгейде тартылғанын көрсетті. Өткен пікірталастар, салалық кездесулер мен келіссөздер минералдық ресурстарды игеру, озық технологияларды енгізу, қайта өңдеу қуаттарын дамыту және кооперациялық байланыстарды кеңейту мәселелері бойынша ашық кәсіби диалогтың сұранысқа ие екенін растады. Қол жеткізілген уағдаластықтар мен жоспарланған бірлескен бастамалар капитал тарту, перспективалы жобаларды іске асыру және Қазақстанның шикізат пен жоғары қосылған құны бар өнімдерді жеткізудің жаһандық жүйесіндегі позициясын нығайту үшін қолайлы жағдайлар қалыптастырады.
Конгрестің ұйымдастырушылары — Қазақстандық Iteca көрме компаниясы және оның халықаралық серіктесі ICA Events.

- -де жасалған



