АММ 2025. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАУ-КЕН МЕТАЛЛУРГИЯ КЕШЕНІНДЕГІ БАСТЫ ОҚИҒА ҚАЛАЙ ӨТТІ
ӘЛЕМНІҢ 20 ЕЛІНЕН 2 892 ТАУ-КЕН МЕТАЛЛУРГИЯ САЛАСЫНЫҢ КӘСІБИ МАМАНЫ, 19 ІСКЕРЛІК СЕССИЯ ЖӘНЕ 172 СПИКЕРІ БАР ҮШ ФОРУМ, КӘСІПКЕРЛЕР АРАСЫНДА ӨТКЕН 387 КЕЗДЕСУ ЖӘНЕ ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҰСЫНҒАН 50 КОМПАНИЯ ҚАТЫСҚАН КӨРМЕ – ОСЫ САНДАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ 4–5 МАУСЫМДА АСТАНАДА ӨТКЕН 15-ШІ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАУ-КЕН МЕТАЛЛУРГИЯ ASTANA MINING & METALLURGY – АММ 2025 КОНГРЕСІНІҢ АУҚЫМЫН КӨРСЕТЕДІ.
Мерейтойлық іс-шараның басты тақырыбы «ТМК трансформациясы: жаһандық сын-қатерлер мен нарықтағы өзгерістерге жауап» болды. Конгрестің алғашқы күні халықаралық деңгейдегі диалогқа басымдық берілді. Бұл алаң дәстүрлі түрде тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Еуразия аймағы үшін де мемлекеттік органдар мен бизнестің өзара іс-қимылының стратегиялық орны болып қала берді. Канада ұлттық делегациясы құрамында 22 компания (Hatch, CRIRSCO, B2Gold, NeoPerformance, First Quantum), Ұлыбританиядан 5 компания (Maritime House, Mkango, Hypromag, UKEF), Швециядан 7 компания (Sandvik, Epiroc, Atlas Copco, Olofsfors, Ericsson) және Қытайдан 6 компания (NFC, Sanny, Xi’an Center of China, CCCMC, CUTES) қатысты.
АММ 2025-тің басты спикерлері: Лю Юй – NFC директорлар кеңесінің төрағасы (ҚХР), Тина Армстронг – Hatch компаниясының жаһандық басқарушы директоры (Канада), Родриго Кабэллос – Molymet аға вице-президенті (Чили), Виктор Кинг – B2Gold аға вице-президенті (Канада), Гарт Киркхэм – CRIRSCO төрағасы (Канада), Жоаким Нуньес Де Алмейда – Еуропалық комиссияның Ішкі нарық және өнеркәсіп жөніндегі Бас директораттың директоры, Бадринат Велури – Сирек жер металдары өнеркәсібі жаһандық қауымдастығының (REIA) президенті (Бельгия) болды.
Конгрестің ашылуында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан елдің тау-кен металлургия кешенінің қазіргі жетістіктері туралы айтып өтті. 2024 жылы бұл саланың ЖІӨ-дегі үлесі 8%-ды құрап, өндірілген өнім көлемі 14,3 трлн теңгеден асты. Инвестициялар көлемі 12%-ға өсіп, 3,6 млрд долларға жетті, ал экспорт көлемі 21,4 млрд долларды құрады. Сала белсенді дамып келеді: жақын болашақта құны 3,5 трлн теңгеден асатын бес ірі инвестициялық жобаны іске асыру және 8 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Соңғы онжылдықта алтын құрамды кен өндіру көлемі 2,2 есе, ал аффинирленген алтын өндірісі екі есе артты. Бұл Қазақстанға алтын қоры бойынша әлемдегі ең ірі 20 елдің қатарына енуге мүмкіндік берді.
«Бұл көрсеткіштер саланың жоғары даму деңгейін және жаһандық экономикамен тығыз ықпалдасуын көрсетеді», – деді Иран Шархан.
Геологиялық барлау саласы да осындай серпінді даму жолында. 2018 жылдан бастап бұл бағытқа 420 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, геологиялық барлау жүргізілетін аумақты қазіргі 1,9 млн шаршы шақырымнан 2026 жылға қарай 2,2 млн-ға дейін ұлғайту көзделуде. Бұл бағытта геодеректерді цифрландыру және халықаралық CRIRSCO стандартын енгізуге баса назар аударылады, бұл өз кезегінде барлық инвесторлар үшін ашықтық пен тең жағдай туғызады.
ТМК үшін басты басымдықтардың бірі – химиялық және технологиялық өңдеудің отандық өндірісін дамыту, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар компоненттерді шығару болып отыр. Қазақстан тау-кен металлургия кешенін жан-жақты дамыту жолында жүйелі қадамдар жасап келеді.
АММ 2025 аясында өткен барлық сессиялардың назарында тек қазіргі мәселелер ғана емес, сонымен қатар саланың болашағы мен мүмкіндіктері де болды. Олар тау-кен металлургия кешенінің әртүрлі, бірақ бәрі маңызды аспектілерін қамтыды. Мысалы, «Техногендік минералдық түзілімдер мен қалдықтарды қайта өңдеу: ресурстарды тиімді басқарудың үздік кейстері», «Геосаяси өзгерістердің ESG тенденцияларына әсері», «Қазақстанның ТМК – сын-қатерлерді еңсеру», «Орталық Азияның стратегиялық хабы: Қазақстан – маңызды шикізат минералдарының жаһандық жеткізу тізбегінің бір бөлігі ретінде», «Қазақстан Республикасындағы тау-кен өндіруші кәсіпорындарда өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету» және «Қазақстандағы геологиялық барлау – қазіргі жағдайы, сын-қатерлері және шешімдері» тақырыптарында сессиялар өтті.
Сала мамандары – мемлекеттік реттеушілерден бастап бизнес өкілдеріне дейін – ТМК саласындағы жүйелі сын-қатерлерді, трансформациялық үдерістерді және орнықты даму басымдықтарын талқылауға мүмкіндік алды.
Тақырыптық сессиялармен қатар халықаралық алаңдар да жұмыс істеді. Мысалы, серіктес елдердің геологиялық қызметтері отырысы, сондай-ақ Швеция, Канада, Ұлыбритания және Қытай елдерінің сала өкілдерімен диалог өтті. CNMC және NFC ұйымдастырған инвестициялық Road Show Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық әлеуетті көрсету мен өндірістік-технологиялық ынтымақтастықты тереңдету үшін маңызды платформа болды.
Осылайша, АММ 2025 Қазақстанның тау-кен металлургия кешенінің шеңберінен шығып, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Қазақстандық және шетелдік салалық өкілдердің белсенді қатысуының маңызды нәтижесі – көптеген b2b-кездесулердің өткізілуі болды. Барлығы екі күн ішінде 387 b2b-кездесу ұйымдастырылып, олардың әрқайсысы жаңа серіктестіктердің бастауы немесе бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігіне айналуы ықтимал.
Конгресс аясында өткен салалық көрме де назардан тыс қалған жоқ. Көрмеде Германия, Қазақстан, Канада, Кипр, Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция, Швейцария, Швеция және Жапонияны қоса алғанда, 12 елден 50 компания өз өнімдерін ұсынды. Экспоненттер қатарында Qarmet, Қазақмыс, Қазцинк, ERG, Solidcore, NFC, Sandvik, Epiroc, Atlas Copco, Ericsson және басқа да компаниялар болды. Қатысушылардың 35-і – қазақстандық кәсіпорындар, бұл отандық өндіріс пен технологиялардың тұрақты дамып жатқанын көрсетеді. Қалған шетелдік компаниялар автоматтандыру, «цифрлық егіздер», еңбек қауіпсіздігі жүйелері және орнықты өңдеу технологиялары бойынша өз шешімдерін таныстырды.
Конгрестің екінші күні салалық форумдарға және оның қорытындысына арналды. АММ-нің ерекшелігі – нақты мәселелерді талқылауға арналған салааралық форумдардың ұйымдастырылуы. 5 маусымда Қазақстанның алтын өндірушілері форумы, көмір өнеркәсібі форумы және Қазақстан зергерлер конгресі өтті. Көмір өнеркәсібі форумында көмір саласының салалық келісімі қабылданды. Бұл құжат әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге, кәсіподақтар, жұмыс берушілер және салалық министрлік арасындағы серіктестікті дамытуға бағытталған. Оның негізінде көмір өндіруші кәсіпорындар жаңа ұжымдық шарттарды әзірлеп, қабылдай алады.
Екінші күнгі контент құрамына «ТМК жасанды интеллект дәуірінде: жаңа ашылымдар», «Тау-кен және металлургия өнеркәсібіндегі іргелес технологиялар – өндіру тиімділігін арттыру», «Ел ішіндегі құндылық және салалық кооперация» және «Инвестициялық мүмкіндіктерді ашу: Қазақстанның тау-кен секторын қаржыландыру» тақырыптарындағы панельдік сессиялар кірді. Сондай-ақ GR, HR және PR салаларының мамандарына арналған арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып, олар өз бағыттары бойынша кейстер және тәжірибе алмасты. Мысалы, GR meet-up – мемлекеттік сектор өкілдерімен бірлесіп, дағдарысқа қарсы шараларды талқылайтын алаңға айналды.
АММ 2025 аясындағы басты оқиғалардың бірі – «Сарытоған» графит өндірісі жобасының Еуропалық одақтың стратегиялық жобалар тізіміне енгізілуі болды (аталған тізім 2024 жылғы 23 мамырда күшіне енген маңызды шикізаттар туралы заңның (CRMA) жүзеге асырылу құралдарының бірі). Бұл «Сарытоған» жобасына ЕО-ның CRM қорынан қаржылық және сауда-саттық қолдау алуға мүмкіндік береді (жобаның жалпы капиталымен шығындары $344 млн бағаланады).
Елде молибден өндірісі болмағандықтан, бұл салада өндіріс құру мақсатында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен әлемдегі ең ірі молибден өндіруші – чилилік «Molymet» компаниясы арасында молибден өнімдерін өндіруге қатысты Меморандумға қол қойылды. Жобаның шикізаттық қамтамасыз ету бойынша өңірлік серіктесі ретінде «Qaz Mining Company» ЖШС әрекет етуде. Аталған компания – Қазақстандағы ең ірі вольфрам-молибден кен орны саналатын Дрожиловское кен орнының иесі (Қостанай облысы), оның қорында 263 мың тонна молибден және 64,3 мың тонна вольфрам бар.
АММ Конгресінің маңызды дәстүрлерінің бірі – «Алтын Гефест» ұлттық салалық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып табылады. Биылғы жылы іс-шара «Астана Балет» мемлекеттік опера және балет театры қабырғасында өтті. Салалық қауымдастықтар мен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тәуелсіз сарапшылары барлық өтінімдерді қарап шығып, 15 номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Іс-шараны ұйымдастырушы – Қазақстандық ITECA көрме компаниясы және оның халықаралық серіктесі ICA Events компаниялар тобы.
Мемлекеттік серіктесі: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.
Алтын серіктестері: Еуразиялық топ (ERG), Solidcore resources, KAZ Minerals, Kazzinc, CoreX Holding, Kazakhmys.
Күміс серіктестері: Komatsu Central Asia, Hatch, Qarmet.
Қола серіктестері: Telko Central Asia, SGS Kazakhstan, Fakoor Sanat Tehran Engineering, Dassault Systemes, Beeline Business Kazakhstan, TURANINDUSTRIAL.
- -де жасалған