14-ші Халықаралық Тау-кен металлургия конгресі

Қазақстан 25-ші Дүниежүзілік тау конгресіне дайындық туралы Венада есеп береді

2017 жылдың 6-7 сәуірінде Венада Дүниежүзілік Тау Конгресінің халықаралық ұйымдастыру комитетінің 97-ші мәжілісі өтті, оның барысында Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриалдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Дүниежүзілік Тау Конгресінің Халықаралық ұйымдастыру комитетінің (ДТК ХҰК) қазіргі мүшесі Қанат Баитов 2018 жылдың 19-22 маусымында Астанада «Astana Mining & Metallurgy» конгресі аясында өткізілетін 25-ші Дүниежүзілік Тау Конгресіне дайындық туралы есеп берді.

Бүгінгі таңда Ұлттық Ұйымдастыру комитеті (ҰҰК) құрылып, табысты жұмыс атқаруда. Оның құрметті төрағасы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып табылады. ҰҰК мәжілісі Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі аясында өткізіледі, оған ұлттық компаниялар, салалық ассоциациялар, ғылыми институттар мен бизнес көшбасшылары кіреді. Бұл оқиғаның ұйымдастырушысы ретінде Iteca компаниясы бекітілді. Iteca компаниясы 20 жылдан астам үлкен халықаралық көрмелер мен конференцияларды өткізуде.

Венадағы мәжілісте Дүниежүзілік Тау Конгресі (ДТК) өткізудің кеңейтілген бағдарламасы ұсынылды, оған тау-металлургия кешенінің (ТМК) бүкіл тізбегін қамтитын: геологиялық барлау мен игеруден бастап байытуға дейін, қатерлерді бағалаудан бастап халықаралық қаржыландыруды тартуға дейінгі жан-жақты сан-алуан тақырыптар енгізілген. Бағдарламада ерекше назар барлық бастапқы өнеркәсіптік салалардың жаңғыртуына, Индустрия 4.0 бағдарламасының енгізуіне және ТМК әлемінде оны қолданудағы үздік тәжірибе мәселелеріне арналған.

Сондай-ақ алдағы конгресте ТМК саласын инвестициялау мәселелеріне де назар аудару жоспарланып отыр. Мысалы, дайындық барысында Mines&Money (тау-кен игеру өнеркәсібіне инвестициялар бойынша Еуропадағы ең ірі конференциясы) компаниясымен келіссөздер жүргізілді және ДТК-2018 аясында инвестициялық конференция өткізу туралы келісім талқыланып жатыр, ол болашақта Қазақстанға 300-ден астам инвесторлар тартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, конгресті өткізу бағдарламасы, оның тартымдылығын арттырып, қаржы-инвестиция топтары тарапынан қатысушылар санын көбейтуді қамтамасыз ететіндей етіп жасалған, бұл әсіресе Жер қойнауы туралы кодексті қабылдау мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының болашақтағы қызметіне байланысты өте өзекті болып табылады.

2016 жылдың 21 қазанында ДТК өткізу аясында Рио-де-Жанейрода Қазақстан Республикасында ДТК өткізу құқығын беретін Дүниежүзілік тау конгресінің дәстүрлі символы – «Май шам» мен эстафетаны салтанатты беру рәсімі өткізілгенін естеріңізге сала кетейік.

Қанат Баитов: «Қазақстан үшін тау-металлургия кешені ел экономикасының негізгі саласының бірі болып табылады. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы құрылымында ТМК 18% құрайды. Сондықтан Дүниежүзілік тау конгресінің 2018 жылы Астанада өткізілуі біз үшін өте ірі оқиға болып табылады, бұл жалпы елдің бүкіл секторына жағымды әсер ететіні сөзсіз. Біз бүгінгі таңдағы жинаған өз тәжірибемізге, сондай-ақ білімімізге сүйене отырып, ДТК-2018 жоғары халықаралық деңгейде өткізе аламыз деген сенімдемін»,- деп Қанат Баитов атап өтті.

Сондай-ақ Қанат Баитов, ДТК құндылығы - оның көптеген ғылыми институттарды осы шараға тартуында, өйткені олардың зерттеулері мен соңғы әзірлемелеріне осы саладағы ең ірі компаниялар мүдделілік танытады, деп уәждеді. Қазіргі мезетте халықаралық коммерциялық және инвестициялық ұйымдар тарапынан Конгреске қатысуға деген жоғары қызығушылығы мен олардың қаржылық қолдау көрсетуі осындай ауқымды шараны жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.